Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаттары
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлық — жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың және лауазымды тұлғалардың өздерінің қызметтік (лауазымдық) өкілеттіктерін және соларға байланысты мүмкіндіктерін жеке өзі немесе делдалдар арқылы өзі үшін не үшінші тұлғалар үшін мүліктік немесе мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу немесе алу мақсатында заңсыз пайдалануы, сондай-ақ осындай игіліктер мен артықшылықтарды ұсыну арқылы оларды сатып алу болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат — сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамның сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар, сондай-ақ осы Заңға сәйкес өзге де шаралар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл — сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз өкілеттіктері шегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу, олардың салдарын жою жөніндегі қызметі.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлықты азайту және жою мақсатында, өткен жылдардың тәжірибесі мен халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстан Республикасының Президенті 2022 жылғы 2 ақпанда №802 Жарлықпен Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын бекітті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту тәсілдері
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту бірнеше міндеттерді орындау арқылы жүзеге асырылады.
1-міндет. Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру
Құндылықтарды өзгерту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру
Адалдық, заңдылық және прагматизм әрбір адамның ішкі құндылықтық ұстанымына айналуы тиіс.
Қоғам сыбайлас жемқорлықты мәселелерді жеңіл шешудің кепілі ретінде қабылдамауы керек, достық қатынастар мен протекционизмді қызметтік міндеттермен ұштастыруға жол берілмеуі тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген адамдар қоғам тарапынан айыпталуы қажет.
Мемлекеттік аппараттың адалдығын арттыру
Азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру үшін мемлекеттік қызметтің оң имиджін нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуі қажет. Бұл үшін адал әрі лайықты мемлекеттік қызметшілердің үлгілі қызметін кеңінен насихаттау маңызды.
Мемлекеттік қызметшілер үшін міндетті сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқытуды дамыту қажет, ол үздіксіз, жүйелі және өзекті болуы тиіс.
Мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлық материалдық жағынан тиімсіз болатын берік сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырылуы тиіс.
Бизнес адалдығын қолдау
Кәсіпкерлік саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдау жағдайында адал бизнесті ынталандыру өзекті болып табылады.
Бұл бағыттағы тиімді шаралардың бірі — сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды ерікті түрде енгізу.
Оның құрамдас бөлігі ретінде компаниялар мен олардың қызметкерлерінің қызметінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу үшін нақты шараларды қамтитын ішкі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру тәжірибесін енгізу маңызды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаттары
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мынадай қағидаттарға негізделеді:
- заңдылық;
- адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың басымдығы;
- жариялылық пен ашықтық;
- мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүйелі және кешенді қолдану;
- сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын басым қолдану;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін тұлғаларды көтермелеу;
- сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы.
Мемлекеттік қызметшілердің негізгі міндеті — сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының орын алуына жол бермеу, өзінде және айналасындағы адамдарда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру.
Сондай-ақ ересек тұрғындар мен жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізу қажет.
KZ
